ҚазақшаҚазақша
News

Ағылшындар мен шотландтықтар бүгінгі Ұлыбританияның негізін қалаған, даңқты тарихын жасаған елдер. Екі елдің бір шаңырақтың астында одақтас болып келе жатқанына да үш ғасырдан астам уақыт өтіпті. 2012 жылы Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Шотландияның қаншама ғасыр армандап келе жатқан ұлы мұратына келісімін беріп, референдум өткізуге, өз алдына дербес мемлекет болуына келісімін берді.

Бұл шотландтықтар үшін көптен күткен ұлы той еді. 1998 жылы Шотландия өз парламентін бөліп алғаннан кейін ұлтшылдық мәселесі де шешілді деп ойлаған еді. Бірақ, олай болған жоқ. Бұл туралы тарихшы Дэвид Торранс:

«Басында барлығымыз солай болады деп ойладық. Шотландия ұлттық партиясы әу баста ешқандай танымалдылыққа, күшке ие емес еді. Әйтсе де, Шотландия парламенті бөлініп шыққан соң қолдаушылар мен жақтаушылардың саны артып, Ұлттық партияның күшейгені соншалықты, референдум өткізетіндей дәрежеге жетті», – дейді.

Шотландия ұлттық партиясы уақыт өте үлкен абыройға, күшке ие болды. Тіпті, Шотландияның басты саяси партиясын ығыстырып шығарды. 2011 жылы өткен сайлаудың нәтижесі бойынша қаншама дауыс жинап, халықтың сеніміне кірді. Лейбористер мен консерваторлар және либерал-демократтар әртүрлі себептер бойынша халықтың сенімінен шықты. Оларды елдегі қаржы дағдарысына, экономиканың ақсауына кінәлі деп санады. Міне, дәл осы жағдайды ұлттық партия керемет пайдаланып, өз мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

«50-ші жылдары ұлттық партия экстремистік қозғалыс ретінде саналды. Уақыт өте олар этникалық  ұлтшылдықтан азаматтық ұлтшылдыққа көшті. Олар үшін азаматтардың қайда туылғаны маңызды емес, ең бастысы мемлекеттік идеяны қолдаса жарап жатты. Ұлттық партия біртіндеп Лейбористік партияның міндетін атқара бастады», – дейді тарихшы Том Дивайн.

Шотландтықтардың басым көпшілігі лейбористерді Маргарет Тэтчер үкіметінің «мұрагері» деп қарайды. Шотландия мен солтүстік Британияда жалпы ішкі өнімді арттырам деп, халықты жаппай жұмыссыздыққа ұшыратқан Маргарет Тэтчерді әлі күнге дейін жек көреді.

«Тэтчер үкіметінен қалған бір белгі болса – ол Шотландияны жаңа бір саясатын жүзеге асыру үшін полигон ретінде сынап көрді. Бұны халықтың кешіруі екіталай», – дейді тарихшы Том Вебстер.

«Әрине, біз соңғы екі жыл көлемінде тек Солтүстік теңіздегі мұнайды көп желеу еттік. Қазір мұнай қоры азайған сайын бұл мәселе одан сайын өршіп тұр. 1979 жылдары мұнайдан түскен қаржының бәрі Ұлыбританияның қоржынына түсті. Міне, осы мәселелердің артында Шотландияның тәуелсіздігі де жатты», – дейді Дэвид Торранс.

Дереккөзі: Euronews

17.09.2014, 06:02
 
Actions
Бөлісу
 
Rating
 
0 дауыс
Comments
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ

comments powered by Disqus