ҚазақшаҚазақша
News

«Ел қазынасы – ескі сөз» деген нақылды ата-бабамыз тегін айтпаса керек. Алтын көмбе – халық ауыз әдебиетімен сусындамай өскен алдыңғы толқын ағалар жоқ десек қателеспейміз. Кейінгі толқын інілер легі көркем әдебиетті рухани азық еткенімен, еліміздің ертеңі деп отырған жастардың кітаптан гөрі компьютерді дос санайтынын мойындауға тиіспіз.   Ал, бүгінгі бүлдіршіндердің ойнайтын ойыншықтарының Шрек, Naruto, Халк, Монстр Хай, Кун Фу Панда, Скуби-ду, Смешарики болуы, қарайтын мультфильмдерінің «Бэн-10», «Құбыжықтар мектебі», «Маша мен аю», «Фиксики», «Сам-сам» т.б. болып келуі көкірек көзі ашық азаматтың кез келгенін қынжылтары анық. Өйткені өзге халықтың фольклорлық қаһармандарын көрсету арқылы біз сәби санасын қазақылықтан алшақтатып жатырмыз.

Жаһанданудың басты позитивті өзгерістерімен қоса, негативті көріністері осындай ірі әлеуметтік-саяси өзгерістер кезінде орын алатындығы заңды құбылыс болып табылады. Сондықтан жастардың ақыл-ой әлеуетін барынша дамыту, ұлттық сезімдерін ояту, патриоттық рухты қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Қазіргі электронды ақпарат алудың жолдары кеңейіп, кітап оқу жағы кенжелеп отырған заманда жас ұрпақ өзінің төл құндылықтарынан ажырап қалмас үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен  Әлеуметтік және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері мен пәнаралық зерттеулері нысаны бойынша 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру негізінде «Инновациялық технологияларды пайдалану арқылы фольклорлық кейіпкерлерді біріздендіру» атты ғылыми жобаны орындау қолға алынды.

Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің фольклорлық мәтіндердегі бейнелену барысын, ұлттық колоритін сақтай отырып  қағаз бетіне түсіру, яғни сөзбен салынған бейнені бояумен салынған бейнеге айналдыру  ғылыми жобаның басты мақсаты болып табылады.

Аталған жобаның 2015 жылғы нәтижесі бойынша қорытынды шара ретінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен суретшілер арасында байқау өткізіледі.

Байқауға қатысушы суретшілер ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған мәтінді басшылыққа ала отырып әр мифтік бейненің өзіндік ерекшелігін сақтай келе, жиынтық бейнелердің халықтың наным-сеніміне, дүниетанымына сәйкес визуалды бейнесін жасауы, яғни суретін салуы тиіс.

Байқау материалдары 2015 жылғы 9 қазан мен 19 қараша аралығында  www.tilortalyk.kz сайтында жалпы жұртшылық тарапынан ашық дауысқа түседі. Байқау жеңімпаздары ғаламтор арқылы ашық дауыс беру нәтижесінде алған ұпайлары мен қазылар алқасының берген ұпайларының жиынтық балына сәйкес анықталады. Жеңімпаздарды айқындайтын шешуші кезең 2015 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында (Алматы қаласы, Абай көшесі, 14.) өткізіледі.

Байқау жеңімпаздарының еңбектері түрлі-түсті суреттермен иллюстрацияланған кітаптар, монитордан бейнесін көру мүмкіндігі  бар аудиокітаптар, мультфильмдер жасап шығару жолдарын қарастыру тәрізді кең ауқымды, ұзақ мерзімді жұмыстардың барысында қолданылады деп  жоспарлануда.

Бүлдіршіндерімізді шет ел әдебиетінің қаһармандарына еліктетіп өсірмей, өз асылдарымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл бастаманы барша жұрт қолдайды деп сенеміз.

30.10.2015, 15:57
 
Actions
Бөлісу
 
Rating
 
0 дауыс
Comments
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ

comments powered by Disqus