ҚазақшаҚазақша
News

Ертең, қыркүйектің 18-інде Таразда «Тарихқа тағзым» атауымен Ұлы Дала өркениетінің театрландырылған көрінісі өтеді. Іс-шараны ұйымдастырушы – Тараз мемлекеттік педагогикалық институты. Бұл туралы аталған оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай өткізілетін мерекелік қойылым қазақ елінің үш мың жылдық тарихы мен қазіргі заманауи келбетін тарихи тұлғалар арқылы сахналайды. Әр тұлға арқылы еліміздің халық болып дамыған, ұлт болып қалыптасқан тарихи кезеңдері тақырыпқа сай безендірілген жылжымалы сахнадағы қойылым, ән-күй, жыр-терме, хореография, хор секілді әр түрлі жанрлар арқылы қамтылмақ. 

Сондай-ақ, іс-шара аясында «Өнер ата дәстүр мұрасы» атты көрме ұйымдастырылады. Көрмеге ТарМПИ оқытушылары мен студенттерінің 60-тан астам қолданбалы өнер және кескіндеме жанрындағы туындылары жұртшылық назарына ұсынылмақ.

Тараз қаласы көшесімен шеру форматында өтетін концертке жалпы саны 2500-ден астам адам қатысады деп күтілуде. Шараға «Жібек жолы» халықтық-эстарадалық оркестрі, «Көне Тараз» фольклорлық-этнографиялық, «Томирис», «Салтанат» секілді би ансамбльдерімен қоса, Жамбыл облысындағы өзге де өнер ұжымдары қатысады. 

17.09.2015, 14:20
 
Actions
Бөлісу
 
Rating
 
0 дауыс
Comments
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ

comments powered by Disqus