ҚазақшаҚазақша
News

Арқаттың әдеттегідей жәйбарақат күндерінің бірі еді. Төртінші сыныпта  оқитын кішкентай ғана қара қыз, Қазақ радиосынан терме беріліп жатыр еді, елең ете қалды. Бұл «Мені неге Мұхтар қойған?» деген Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған туынды еді. Терме аяқтала салысымен бала мақаммен ойында қалған әуенді домбыраға салмақ болып, саусақтары қос ішектің бойымен жүгіре жөнелді:

Мен туғанда, досым сенің әкеңнің,

Жазылыпты Абай жайлы кітабы...

...

...

Заманымнан алғанша үлесімді,

...       ...                     күресімді.

Мұхтар деген – киелі ат, марқұм әкем

Маған тегін қоймаған бұл есімді...   Әттең, мәтінін білмейді! Осы сәттен бастап оның бойында домбыраға, ән өнеріне деген ерекше қызығушылық пайда болды. Далада Арқаттың сұлу табиғаты жайнап, самал желі тербеле билеп, бұлағы сыңғырлай күліп, заңғар биігін ақ қар жапқан таулары көкпен тілдесіп тұрған еді. Осыншама әдемілікке бөлене  кішкентай қара қыз үйден шығып,  көше бойы жүгіре жөнелді. Ол жаңағы радиодан естіген терменің мәтінін іздеп, кітапханаға бара жатты!..

Арада төрт-бес жыл зу ете қалды. Әлгі кішкентай қара қыз сол кішкентай ауылдың әншісі болып алған шағы. Домбырасын қолынан тастамайтын, жадында тұла бойын тербеген үнемі бір әдемі әуен жүретін, жүзінде өнерге деген құлшыныс, бойында талапқа сай таланты бар бойжеткен болып шыға келді. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде, Ресейдің Ульяновск қаласында ән мен күй  фестивалі өтеді. Сол фестивальге Қазақстаннан барған екі адамның бірі сол кішкентай қара қыз еді. Ұлттық киімді келістіре киіп, бөркінде үкісі желкілдеп, қолына домбырасын алып шыққан жас өнерпаз  Шәкәрімнің Пушкиннен аударған «Дубровский» поэмасынан үзінді орындады. Ол туындысының әуенін  өзі шығарған болатын. Яғни, сазгерлікке өз қолтаңбасын сол жылдарда қойып қойған деп біліңіз. Көрерменді таңғалдырып,  қазақ өнерін бір танытып қайтты!

Енді, уақыттың басын бүгінгі күнге бұрып, Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залына барайық. Біз бүгін сахнадан кімді көрдік?  Өнеріне адал, алға қойған арман-мақсатына қол жеткізген, танымал әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткераткері –  Гүлмира Саринаны көрдік! «Ән-домбыра жан серігім жасымнан» деген шығармашылық кештің иесі – жаңағы кішкентай қара қыз.  Иә, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Арқат ауылынан шыққан кішкентай өнерпаз – осы Гүлмира Сарина еді.  Ақын Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған «Ата-ананың қадірі» атты  термесімен кеш шымылдығын  өзі түріп, домбырамен құйқылжыта бірнеше терме орындады. Бір апта бойы ештеңеге үлгермей сабылып жүретін астаналықтар мен алыс-алыс ауыл, қалалардан келген қонақтар өнерінің кереметтілігіне тамсанып ұйып қалған. Осы сәтте Гүлмира Саринаның «Әнді халыққа жеткізудің өзі – аманат» деген сөзі еске түсті. Қарап отырсам, Гүлмира Сарина әнді бар ынтасымен орындап, өзін тыңдап отырған аудиторияны жан-жақты назарына алып, өзін мүлде ұмытып, өзі де  тұтастай әнге айналып кетеді екен.  Ол орындайтын әндердің мәтінінде бір мін жоқ. Бұл әншінің талғамы мен жауапкершілігінің жоғары екенін білдіреді. Бүгінде қазақ эстрадасында әуеніне құлдық ұрып, талғамсыздықтың тауқыметін тартып жүрген, сөзі сын көтермейтін әнсымақтардан жалыққан біз, шынайы ән өнерімен бетпе-бет келдік. Сахна төріне оңтүстік шаһардан келген қонақ – Бекжан Тұрыс шығып, сөзін  Қалқаман Сарин, әуенін Гүлмира Сарина жазған «Өмір өлшемі» атты термені орындады. Бәріміздің жадымызда ата бейнесінде жүретін талантты актер ағамыз, дауысын құбылта ойнап, бұл туындыны одан сайын  жандандырып жібергендей әсер алдық.

Кештің екінші бөлігі «Ақ жауын» оркестрінің «Шалқыма» күйімен басталып,  ән айтыспен жалғасып кетті. Гүлмира Саринамен болған ән айтысқа бүгінгі таңда дәстүрлі өнердің көшін бастап жүрген  Толғанбай Сембаев, Берік Омаров, Ержан Базарбеков, Нұрболат Құсайынов сынды мәдениет қайраткерлері түсті.  «Абай салған әуелет сол бір әнді», «Көзімнің қарасы», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Гәкку», «Аққу» әні, «Көк аршын», «Көк өзен», «Сырғақты», «Толқыма», «Жайқоңыр»  және «Ән-домбыра» сияқты керемет әндер орындалды. Осы тұста дәстүрлі әннің құдыретіне тағы бір бас идік. Қазақ халқының әншілік өнерінің тамыры сан ғасырлық тарих қойнауында жатыр. Шеберліктің шыңына шығып, дәстүрлі әннің інжу-маржанын бүгінгі күнге жеткізген Ақан сері, Біржан сал, Мұхиттай серілер мен Сара, Майрадай майталмандар болса, сол құнды өнерді жалғастырушы әға-әпкелеріміз бар. Соның бір өкілі – Гүлмира Сарина. Ән айтыстың соңы Секен Тұрысбековтың орындауындағы  «Көңіл толқыны»  күйімен жалғасып, Гүлмира Сарина  «Қоңыр жел», «Жалт-жұлт еткен дүние-ай», «Шіркін, дәурен» әндерін әуелетті.

Бірде, сөз арасында,  Гүлмира Айымғазықызына ақындардың өлең жолдары ұқсас болып жатса, оның соңы «өлеңім ұрланды» деген шуға ұласатынын айтып қалғаным бар. Сонда ол «Осы ақындарға таң қаламын, қырық екі  әріп тұрып, не үшін реніш тудырып жатады, олай болса,  жеті-ақ нотамыз бар  сазгерлердің күні не күн десеңші!» деген еді. Расымен де, әлемді тербеп тұрған жеті-ақ нота! Сол жеті нотаны жауапкершілікпен, жоғары талғаммен қолданып, ән өнеріне ерекше әуендерді әкелген сазгердің жауабы қай тұсынан алсаң да ойға қонарлық. Негізі, әншінің жиналыстарда немесе сұхбаттарда айтқан сөздерінен бір жинақ шығаруға болады. «Ақын өлеңді жазады, сазгер бояйды, әрлейді, ал оны халықтың жүрегіне ұялата білу – әншінің өнері»  дейтін Гүлмира Сарина, байқасаңыздар  ән салып тұрғанда мүлде басқа адам. Әнші тура сол сәттерде ән өнерінің құдыретіне бас иіп, өнер мен тыңдарман алдындағы жауапкершілікті ең бірінші орынға қойып тұрады.   Ол бір сөзінде «Әнші де тарих алдында жауапты тұлға» деді.  Бұл бойындағы талантын дұрыс қолдана білген, өнерге адал жанның сөзі. Қазір кейбір әннің  мәтінін оқып, безіп кеткіміз келетіні рас.  Ән өнерінде бұндай сауатсыздық қалай пайда болды? Жеке пікірім, ол технологияның дамуынан және соны әншілердің еш жиіркенбей қолданып, ойланбай ән өнеріне қиянат жасауынан деп білем. Компьютердің көмегімен өңделген әнде мін жоқ, мәтініне мән беріп жатқан әнші жоқ. Бұл тұрғыда эстрададалық жанрдан  дәстүрлі ән өнері озып шығады. Қасиетті домбырамен нақышына келтіріліп орындалған терме, сауатсыз эстрада әнінен мың есе артық емес пе. «Ән халыққа әнші арқылы жетеді. Ал, менің міндетім – әннің бағын ашу» деген еді Гүлмира Айымғазықызы тағы бірде. Шынымен де әншінің орындауындағы әндердің нашары жоқ. Дәстүрлі ән ғана емес, эстрадалық әндерді де орындайды.  Бұл жанрға «Жалт-жұлт еткен дүние-ай» атты әнмен келген әншінің бүгінде жетпістей эстрадалық әні бар. Оның ішінде соңғы кезде жас ақын Жұлдызай Ысқақтың сөзіне жазылған әндер халықтың қошеметіне бөленіп жүр. Қай әнді алсақ та мәні-мағынасы келіскен, тыңдарманды ерекше бір әлемге жетелеп кете берді. Болашақта тағы да көптеген туындылардың куәсі боламыз деп сенеміз. Әншінің кешінде «Ән-Семей», «Әлемімсің әдемі», «Жүрек сөзі», «Бағалым», «Жақсы адамдар» және  «Ұлысым, елім – тынысым менің» деген ақын Жұлдызай Ысқақтың сөзіне жазылған әндер орындалды. «Ұлысым, елім – тынысым менің» әнінің сол күні тұсауы кесілді. Өте керемет туынды екен. Әнді ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлер Баян Сағынбаева мен Гүлмира Сарина:

«Ұлысым, елім – тынысым менің,

Ырысың тұрсын ортаймай,

Елім деп дархан,

Әніме салсам,

Арманым менің бар қандай?» деп біріге  шырқағанда, төбеміз көкке бір елі жетпей қалғаны рас. Маған Гүлмира Сарина мен Жұлдызай Ысқақтан тұратын осы бір  тандем қатты ұнайды. Болашақта биік белестерді бағындыра беріңіздер. Сонымен қатар, бұл кештен барлығымыз алып қайтқан сарқыттың ең дәмдісі – сахнаға кеш иесінің қызы Назеркенің шығуы. Балалық көңілмен, анаға деген құрметпен «Асыл ана» әнін орындаған Назеркенің өнерде жолы болсын деп тіледік!

Өлең мен әуенді ұштастырып, небір шедевр туындылар жасап, халықтың ықыласына бөленіп отырған Гүлмира Саринаға кештің құрметті қонақтары, еліміздің ардақты азаматтары Мырзатай Жолдасбеков, Ермұрат Үсенов, Несіпбек Айтұлы көптеген жақсы тілектер айтты. Абай елінен арнайы келген Әсет Мырзақасымов,  ұлылар мекені – Абай жерінде дүниеге келіп, саздың да, сөздің де қадірын танып, соны ұрпақтан ұрпаққа жалғауға қажымай еңбек етіп келе жатқан Аякөз аруға ерекше ықылас тілегін жазған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын жеткізді. 

Сариндер отбасында Ербол Сариндей дәстүрлі әнді дәріптеуші әнші, ұлағатты ұстаз, Гүлмира Саринадай жезтаңдай әнші, шебер сазгер және   Қалқаман Сариндей қазіргі қазақ поэзиясы әлемінің көш басында тұрған ақын бар. Бір күндері Арқаттан Астанаға аға мен апайының соңынан еріп келген  жас жігіт, бүгінде танымал ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері.  Қалқаман Сариннің кеш иесі – апайы Гүлмираға арнап оқыған  өлеңі қандай деңіз! Мақаланы  сол арнау өлеңнен үзінді келтіріп аяқтағым келді. Өйткені, ол өлеңнен кейінгі бірдеңе айту мүмкін емес.

... Сен ән салсаң жүрекке нәр құйылар,

Тәңірімнен нәсіпті таң бұйырар.

Жанарыңда әкемнің өжеттігі,

Әр әніңде анамның әлдиі бар.

 

Сен мен үшін ерексің, бар білерім

Әсем үнмен қауышқан тағдыр едің.

Шырылдаған бозторғай болмысыңда,

Соға берсін бүлкілдеп ән жүрегің!

 

Әсел Мұздыбай

31.10.2014, 12:31
 
Actions
Бөлісу
 
Rating
 
1 дауыс
Comments
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ

comments powered by Disqus