ҚазақшаҚазақша

Толғау ел мен жердің берекесі кетпеу үшін қандай әрекеттер мен қылықтардан аулақ болу қажеттігін өсиет ететін дидактикалықмазмұнға құрылған. Мақсат – тағылымды ой-идея ұсыну. Дегенмен, осы толғаудан романтикалық идеал бейнелер де, суреттеулер де ұшыраспайды, есесіне, кәдімгі өмір шындығына сүйенген ой түйіндері алға тартылған.

Тіпті, жыр-толғауларынан асқақ болмысы, романтикаға құштарлығы сезілетін Ақтамберді жыраудың өзі романтикалық идеал – армандарға бой алдырмайды. Оның романтикалық арманының өзі реалистік мұраттардан, сол мұраттарды бейнелейтін реалистік көріністерден жинақтала келіп, алға тартылады. Жыраудың романтикалық арманы бейнеленетін туындысы – «Күлдір-күлдір кісінетіп...» деп басталатын толғауы.

Тұтастай алғанда көңілді романтикалық сезім күйлеріне бөлейтін осы толғауда өмірлік шындықтан алшақ кетіп, идеал арманнан алынған бірде-бір сурет, бірде-бір көрініс жоқ. Мәселен, төмендегі үзіндіні алып көрелік:

«...Пышақтан малым кетпесе, Қазаным оттан түспесе, Ауылдан топыр үзілмей, Ошақтың оты өшпесе, Май жемесе қонағым, Қан жемесе барағым, Он кісіге жараса

Бір кісіге арнап тартқан табағым!..»

Байқалып тұрғандай, жыраудың арманы асқақ. Алайда бұл арманды өмірлік шындықтан алшақ жатыр деуге келмейді. Себебі – ел ішінде береке тұнып, ниет түзелсе, жырау арманының қай-қайсы да орындалуы әбден ықтимал. Ал бұл арманның идеал өмір секілді сезілуінің өзі өмірлік шындықтан туып жатыр. Бұл тұстағы өмірлік шындық – қарама-қайшылықтарға толы адам болмысы.

Осы орайда «ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясында реалистік әдістің жетекші роль иеленуінің сыры неде?» деген сұрақтың тууы заңды.

ХV-ХVІ ғасырларда романтикалық әдістің басымдық танытуыдербес мемлекет құруға ұмтылған халықтың асқақ арманымен байланысты екенін жоғарыда айтқан едік. Ал ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар – Қазақ хандығының іргесі бекіп, тіршілік ету кеңістігі, яғни мемлекеттік территориясы біршаматұрақтала айқындалған дәуір. Осыған орай, қазақ же­рінде қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесін тиянақтай орнықтыруға ұмтылыс басталды. Бұл жағдай қазақ қоғамының қандай сипатта өркендеуі қажеттігін белгілеуді талап етті. Осы қажеттілік сол уақыттағы қазақ қоғамының жай-күйін нақтылай тануға себепкер болды. Әрине, мұндай әрекеттердің арнайы қаулы қабылданып, сол қаулы аясында жасалмағаны түсінікті. Дегенмен, сол дәуірдегі ел көсемдері, яғни ел тізгінін ұстағандар мен жалпы қоғамдық санаға ықпал ете алатын күштер өз тұсындағы әлеуметтің тірлік-тынысын зерделей танып, сол негізде қазақ қоғамын нығайтуға жол ашатын әрекеттер жасау қажеттілігін іштей сезінгені және сол бағытта әрқайсысы қал-қадерінше әрекеттер жасағаны анық. Ал хандық дәуірдегі қазақ қоғамының санасына аса ықпалды күштер жыраулар мен би-шешендер болғаны және олардың өз қабілеті мен мүмкіндігін өз елін өркендетуге жұмсағаны даусыз.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

31.03.2014, 16:07
 
Comments
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ
Actions
Rating
 
0 дауыс
Бөлісу
 
Оқырман таңдауы