ҚазақшаҚазақша
Post view

Серікбол Қондыбай – қазақ мифологиясының зерттеушісі
Таңғажайып дарынымен, жасампаз ерлігімен жұртты таңданта табындырған тұлға. Сұңғыла азаматтың сәулелі ой, сезімтал санасы “Талантта туған күн бар да, өлген күн жоқ” деген тіркесті толық дәлелдеп кетті. Қазақ мифологиясын алғашқылардың бірі боп зерттеу арқылы салаға ой-пікірін қосқан ғалымдардың бірегейі. Осы автордың нұрлы да қуатты қаламынан алғаш рет “Маңғыстау географиясы” дүниеге келген. Бұл кітап кейінгі шыққан керемет туындылардың бастамасы, яғни “алтын көпірі” іспеттес. Араға жылдар салып жарық көрген “Қазақ мифологиясына кіріспе”, “Қазақ даласы және герман тәңірлері”, “Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары”, “Есен-қазақ”, “Казахская мифология. Эстетика ландшафтов Мангистау”, “Гиперборея: түс көрген заман шежіресі”, “Маңғыстау-нама”, “Жауынгерлік рух кітабы. Алпамыс ғаламы”, және төрт томдық “Арғықазақ мифологиясы” кітаптары оқырманға, жалпы зиялы қауымға ой туғызды, елең еткізді. Тоғыз жыл арбаға таңылып, ғылыми ортадан шалғай ауылда отырса да мифологияға терең бойлап, құнды еңбектер әкелген Серікболдың төккен тері, ақтарған кітаптары аз емес. Бұл ғалымның дүниеге әкелген еңбектеріндегі әр сөйлемнің, әр сөздің арасында үлкен мән жатыр. Әрине, түсінген адамға!.. Күрделі, әрі қызық. Ауру адам түгілі сау адамның жаза алмайтын дүниесі. Бірақ, ол азаматты “ауру болған” деп қарауға мүлдем қарсымын. Ол, Светқали ағасы айтпақшы, “тоғыз жылда тоғыз миллион адам бітірмеген іс бітірді”! Осы “Қазақ мифологиясын” жазу үшін өмірге келген шығар, бәлкім. Жаратқан өзі беріп, өзі алды. Алты Алашты аңыратып кеткен Шоқан, Сұлтанмахмұт, Әбіш, Мағауиялар секілді “құйрықты жұлдыздай ағып өтті”. ...Бірақ, өкінгенмен шара жоқ. Көңілге медеу болатыны, ғалым Серікболдың артында өшпес мұра қалды. Яғни, оның биологиялық жасы тоқтағанмен, рухани өмірі енді басталды. Тәуба!
Айшықты құбылыс, феномен, ғалым Серікболдың өмір жолы кейбір жандарға таныс әрі бейтаныс. Болмысынан несібе-нұрға шомылып, төскейін ән-жыр тербеткен киелі өлке - Маңғыстау құдіреті баршаға аян. Сол Даладан марғасқалардың түлеуі заңды құбылыс! Тектілердің тал бесігі Маңғыстаудың Қарақия ауданы, Құрық кентінде 1968 жылы 14 наурызда Серікбол Әділбекұлы Қондыбай дүниеге келген (Бұл күн батыс аймағы үшін “амал күні”. Жаңа жыл! Маңғыстау өлкесі үшін ұлық мереке саналады. Дәл осы күні дүние есігін ашқан сәби-періштелер де жай адам болмайтыны анық!..).  1975-1985 жылдары Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе кентіндегі №3 мектепте білім алған. 1991 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетін “географ-геоморфолог” мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған. Кейін аудандық “Білім қоғамында” жауапты хатшы, аудандық байланыс торабында монтер болып қызмет еткен. 1986 жылғы “Желтоқсан оқиғасына” қатысып, 17 желтоқсан күні ұсталып, 10 күн қамауда отырды. Ол күндерді де артқа тастады. Оны жастайынан түбек тарихы, халықтың байырғы танымы, салт-санасы, аңыз-әпсаналары, көшпелі өркениеттің танымдық бастаулары қызықтырған. Осы құштарлық оны бұрын-соңды түспеген адамзаттың рухани мәдениетінің қалыптасу тақырыбына алып келген еді. Нәтиже жоқ емес, бар! Өзі көп нәрсені көре алмаса да, халыққа жетті.
  Амал не? 2004 жылдың 23 тамыз күні қазақтың ғылыми ортасы орны толмас өкініш, Маңғыстау топырағы орны толмас қазаға ұшырады. Қайта тумас қаһарман, ғалым-мифолог, қазақтың интеллект тұлғаларының бірі Серікбол Қондыбай өмірден озды.
 “...1995 жылы апатқа ұшырап, үш-төрт ай ауруханада, тағы үш ай Ақтауда жаттым. Ол уақыт жөнінде ойыма алғым да, жазғым да келмейді. Ауруханада жатып, өзімнің сол кездегі 27 жасыма дейін не істеп, не істемегендерімді есіме алдым. Құрған отау жоқ, артта қалар ұрпақ та жоқ. Дерт дертімен, енді бұл жалғаннан осылайша жатып-жатып кете бермекпін бе?- деген ой мазалай бастаған еді... Жаз шығып, күн ыси салысымен жансыз денемнің ауруханада тесілген жерлерінен басқа, жаңалары шығып, саны көбейіп, ауқымы ұлғайып кетті. Қапталыммен жатсам да, шалқаммен жатсам да, отырсам да сол жараларымды өз салмағыммен езіп, тереңдетіп, ұлғайтып жата беруге мәжбүр болдым. Не амал істеуді білмей, өзім де, апам да қатты азап шектік. Міне, сол кездерде өлім туралы ойлай бастадым. “Көпірден құлап, ес-түсімді білмей жатқанымда, құдайым алып кетпей, неліктен мынадай күйге түсіріп кетті екен” деген ой жетегінде болып, барлық болмысқа кіжінеген сәттерім көбейе түсті. “ Ең болмаса осы жаз бойына азаппен жағаласа отырып, мифологиямды жазып, қолжазбасын қалдырайын, күндердің күні, жылдардың жылында жарық көрер, содан кейін осылай өзімді де, өзгені де азапқа сала бергенше 1997-нің басталуын күтпей тезірек өліп кетейін” деп ойлап, қаптаған жараның үстінде отырып білгендерімді, тапқаным мен түсінгенімді қағазға түсіре бастадым” – депті бір ағасына жазған хатында.
  Осындай бірде күдікпен, бірде үмітпен өмір сүрген бүгінгі ортамызда жоқ тұлғаға Алладан 36 жас бұйырыпты. Мүшел жасында ақтық сапарға аттанған азамат артындағы мол мұраны аманат етіп кете барды. Расымен де, 27 деген алаулаған жаста тағдырдың жазуымен үлкен апатқа ұшырап, жүруден қалса да тағдырға мойынсұнбаған ғалымның есімі мен еңбектері ел көкейінде мәңгі сақталары сөзсіз. Ол көксеген ұлы Арманның келешек ұрпақтың ырыздығына асуын асыға күтеміз.
 Автор өзі ең алғаш бұл салаға қалай келгендігі туралы 2004 жылдың 12 маусымында шыққан “Маңғыстау” газетінде былай дейді: “ Мен осы әлеммен алғаш ұшырасқанымда оны тіпті білмейтін едім. Соған қарамастан осы бір жұмбақ әлем мені өзіне баурап алды. Сосын осы біздің қазақта бар ма екен? – деп ынта қойып, дереккөз жинай бастадым. Сөйтіп осындай мол мұраға тап болдым. Ізденуге, уақыт жағынан мүмкіндігім болды. Жалпы қапелімде “миф” дегенді айтудың өзі оңай емес. Жалпы адамзат баласы жарық дүниеге келгеннен бастап о дүниеге кеткенге дейін сағат сайын, күн сайын, өмір бойына құдайдың адамды жаратқанынан бастап, оның ұжмақтан қуылған сәтінен бергі басынан өткендерін үздіксіз қайталай береді. Жақсы істеріміз де, жаман істеріміз де қайталана береді. Тек біз соның не үшін қайталана беретінін білмейміз. Сондықтан біздің халқымыздың басындағы қиыншылықтарды, ауыртпалық, т.б. жағдайларды реттеу, оның жолын табу, шешу үшін біз бастапқы нүктеге, төр басына қайта оралып, оның қандай болғанын білуіміз керек. Сонда біз осы мифология арқылы қазіргі көптеген қоғамдық-саяси, әлеуметтік қиыншылықтарға, тауқыметтерге, айталық: тілімізге қатысты, елдің биік тұтқаларын ұстап отырған басшыларға қатысты, ұлттық мүдделерге қатысты, өнер мен ғылымдағы әрекеттердің көбіне жауап табамыз. Яғни, миф деп отырғанымыз ақпарат, мәлімет, ұмыт болған, жасырынған, жұмбақ күйіндегі мәлімет. Оны әртүрлі жолмен көне ғасыр мұраларынан, ертегілерден, жырдан, сөз тіркестерінен, сөздерден, ескерткіштерден, тағысын тағылардан табуға болады.
 Әбіш Кекілбаев: “Арамыздан ерте кеткен талантты ғалым Серікбол Қондыбай – ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салғастыра зерттеп, түріктану мен қазақ тануға мейлінше үлес қосты. Отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді. Ол қалдырған мұраның деректік, пайымдамалық құндылықтары мен мәнділіктерін зерделеу - осы заманғы ұлттанудың қалыптасуы мен кемелденуіне оң ықпал етері сөзсіз. Бұл саңлақ таланттының саяқ зерттеушілік ізденістеріне, ерек елжандылығы мен еңбексүйгіштігіне таң қалмасқа шара жоқ!.. Арманда кеткен азаматтың жер бетіндегі ізі суымай жатып, ол қалдырған еңбектердің сиясы кеппей тұрып ғылыми сарапқа түсуі – аса сүйінішті жағдай” деген пікір айтқан. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбек өзінің “Ой-сана көкжиегі” атты мақаласында авторға, автордың тың идеяларына үлкен баға береді. 
  “Мен Олжас Сүлейменовті көп оқыдым, оны мифология мен тарихты тексеріп, саралауға, сараптауға пайдаланамын. Ол мәтінді тексеріп, сөздің төркінін іздейді. Тарихты, мифологияны, географиялық талдауды, фольклор мен лингвистиканы “бір арбаға жегу” арқылы рухани тарихқа, ұлт дүниетанымының тарихына үңілемін. Үйрене келе, ол кісілердің әлсіз тұстарын байқайтын болдым. Олжас ағаның бұл бағыттағы материалдары жақсы, бірақ тиянағы аздау. Фольклорды зерттеушілер баршылық, мәселен, Р.Бердібаев қатарындағы ғалымдар. Олар әдеби тұрғыдан, әдеби көркемдікті зерттеуде мықты. Ал жыр тарихына, мифологияға, қазақтың рухани космосына келгенде аяқтарын аттап баса алмай қалады. Мен – осы “кетіктің” кірпішін іздеп жүрген адаммын. Біз үлкен ғылыми зерттеу әдісі, зерттеу бағыты немесе зерттеу мектебі - “Қазақ мифологиялық ғылыми мектебі” – табалдырығында тұрмыз. Мүмкіндік мол, тек сол мүмкіндікті жүзеге асыра алсақ жарағаны. Бұл іске мүмкіндігінше көп оқу, білу, сосын адалдық керек. Қазақы діл, сана қайта сілкініп, дұрыс қалыптассын десек, қазақты өзіне-өзі өтірік айтудан бойын аулақ салуға үйрету керек, бары-бар да, жоғы-жоқ болсын. Сонда да біздің рухани байлығымыз кемімейді”- деген Серікбол Қондыбай. 
  Қойшығара Салғараұлы талайларды тамсандырған Серікбол інісін көргеніне, аз-кем болса да таныс болғанына тәуба етеді. Жүрегінен шыққан туындысында мынадай жолдар кездеседі: “Серікболдың артында қалдырған рухани мол мұрасын тану үшін, жасалынған ғылыми тұжырымдардың парқын пайымдап, құндылық деңгейінің қаншалықты маңыздылығын сараптап, жете түсінуіміз үшін, ең алдымен, осы мұраларды тудырушы Серікболдың өзінің кім екенін, оның азаматтық болмысын танып білуіміздің, дұрыс түсінуіміздің маңызы зор. Бұл арада, мәселе әрине, оның Маңғыстаудың баласы екені, болмаса университет бітіргендігі секілді өмірбаяндық деректі білуде емес. Мәселе – әлемдік өркениеттен тысқары, шалғай жерде өмір сүріп, тым қысқа ғұмыр кешкеніне қарамай, қыруар іс тындыра алған осы бір ғажайып жанның жан дүниесіне үңіліп, оның арман-аңсарын, көздеген мақсат-мүддесін танып білуде, тағдыр тауқыметінің тар қыспағында, бір тірлігі біреуге тәуелді болып, ертеңінің не боларына сенім арта алмай белгісіз күй кешкен дәрменсіз ауру жанның тіршілік иесі ретінде емделіп, жазылудың жолын іздеп, бар мүмкіндігін тән саулығын түзетуге жұмсаудың орнына, үлкен қалада, төрт құбыласы түгел, сау адамдардың өзінің батылы барып, білімі жетіп тәуекел ете алмайтын соныға түрен салып, өз еркімен, жанкешті азапты тірлікке өлермендікпен жегілуінің себебін ашуда”.
  Расында да, бір дем әрі, бір дем бері жатқан күйдің өзінде қолынан қаламын түсірмей, соңғы сәтке дейін айтпақ ойларын қағазға түсіріп қалуға бар қабілетін жұмсауға мәжбүрлеген не күш, не құдірет!? Қиын жағдайға ұшыраған кез келген пенденің, мейлі ол неше жерден энциклопедиялық білімі бар ғұлама болса да, осындай іс тындыра алуы мүмкін бе? Бұл не өзі? Бәлкім, бұл жас адамға тән пенделіктен туған атаққа, даңққа құмарлық болар... Жоқ, олай емес! Себебі, бұл туралы өзі айтады, өзін ғалым санамайды. Жанының таза, пендешіліктен, астамшыл ойдан ада екенін көрсетеді. Сондықтан да оның кез келгеннің қолынан келе бермес азапты ерлікке баруын мұндай пендешіліктен іздеуге негіз жоқ. Бәлкім, баяғының аяқ астынан мол көмбеге жолыққан қазына іздеушілері секілді ғайыптан тайып мол дерекке жолығып, соны тезірек игеріп, қалайда өз атынан ұсынып кетуге жанталасқан шығар? Жоқ, олай деуге негіз жоқ. Серікболдың өзі әрбір түйінді ойын тартқанда қолындағы деректі материалдың тапшылығынан бұдан әрі тереңдеуге, өзара салыстыру арқылы байыпты жасауға мүмкіндігі болмағандығын үнемі өкінішпен ескертіп отырады. Сол себепті де бұл да оны мәжбүрлеген күштің құдіретін анықтауға дәнекер бола алмайды. Осы орайда Серікболдың жинаған білім қуаты асып төгіліп, тылсым дүниенің құпиясын ашуға қызықтырып, еркінен тыс осылай істеуге мәжбүрлеген шығар деу қиын. Өйткені Серікболдың өзінің “жанымды қинайтыны – білімімнің жеткіліксіздігінен жарияланған материалдарымның сапасының кемшілік тұстарының жеткілікті болып шығуы. Осы күнге дейін жария болған кітаптарымда да “әттеген-ай” дегізетін тұстар жетерлік. Мен өзімнің өрем жетпеген тақырыптарды қарастырғанда, ең алдымен, осы тақырыптар басқалардың назарын аударсын, менің өрем жетпеген мәселелерді басқалар шешсін деп ойладым ” дегені бар. 
 Демек, мәселе мұнда да емес, басқада. Серікболды тағдыры тарттырған тауқыметке мойынсұндырмай, қолынан қаламын түсіртпей, ұлы шығармалар тудыруға мәжбүрлеген құдіреттің аты не?! Біздің пайымдауымызша, ол құдіреттің аты – Махаббат! Ел-жерге, халқына деген махаббаты! Туған халқын қалтқысыз сүюінде. Оған Серікболдың мұраларын зерделеп оқыған жан көз жеткізе алады. Оның қысқа ғұмырында тындырған ісі – “Ұлы Ерлікті Ұлы Махаббат қана тудырады” деген қағиданың өмір шындығы екені дәлелдейді.
 Серікболдың ғұмыры санға салса қысқа, бірақ ашып қалдырған мұрасы – ғасырлық! 
 
elenora.m@mail.ru 10.07.2013, 22:37 __comments_count__
Пікірлер
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ

comments powered by Disqus

Post info
10.07.2013 (1326 Күн бұрын)
Дауыс беру
4 дауыс
Іс-әрекеттер
Бөлісу
 
Categories
Видеоблог (1 posts)
Жеке блог (71 posts)
Тегтер
Бос