ҚазақшаҚазақша
Post view

Әбусағит Жиреншин
Ғалымның өскен ортасы. Әбусағит Мұсылманқұлұлы 1913 жылы Шыңғыс тауының бөктеріндегі Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов дүниеге келген құнарлы топырақта, нақтырақ айтсақ, Семей облысы, Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында өмірге келген.
Әбіш (Әбусағит) Мұсылманқұлұлы – М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында жас Абайдың үлгі тұтар ұстазы, халық даналығының үлгісі ретінде сипатталған Жиренше бидің немересі.
Семей қаласында бастауыш мектепті орысша тәмамдап, ауыл шаруашылығы техникумына түседі. Екі тілге бірдей жас жігіт губерниялық мекемеде жер өлшеуші, бөлім бастығы қызметін атқарады. Бірақ 1931-1933 жылдардағы қасірет оның өмір ағысын күрт өзгертеді. Ол әке-шешесі мен тоғыз бауырын аштық тырнағынан аман алып қалу мақсатымен Шыңғыстаудан Өзбекстанның Термез қаласына қоныс аударады. Ташкенттегі Орталық Азия университетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Сол оқу орнында қызметте болады. Ташкентте өткен жылдарында оған Ресей және әлемдік ғылымның корифейлері В.В. Бартольд, Е. Бертельс сынды ғалымдармен бірге жұмыс жасау мүмкіндігі туады. Әбіш Мұсылманқұлұлының ғылыми жұмыстарына аталмыш ғалымдардың дүниетанымы айрықша ықпал етеді. Әсіресе, В.В. Бартольд оған өз халқының тарихы мен әдебиетін байыпты ғылыми зерделеуге кеңестерін беріп отырды. Қазақ жеріне саяси репрессия саябырлаған 1938 жылдары ғана табаны тиеді.
Қоғамдық-ағартушылық қызметі. Ә. Жиреншиннің Қазақстандағы қоғамдық қызмет жолдары 1938 жылдан басталады. Әбусағит Мұсылманқұлұлы 1938 жылы Қазақстан Өлкетану қоғамының шақыртуымен Алматыға ғылыми қызметкер болып орналасады. Кейін нәтижелі жұмысының арқасында Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы Республикалық Қазақстанды зерттеу қоғамына ғалым хатшы және төрағасы болып тағайындалады. Осы жылдары ерекше ұйымдастырушылық және мәдени саладағы жемісті жүргізілген жұмыстарының арқасында 1942 жылы наурыздың 10-ында Қазақстан Орталық мұражайына директор болып жаңа қызметіне кіріседі.
1951 жылы "ұлтшылдық" пен "космополитшылдыққа" қарсы күрес науқанына ілігіп және «Бекмаханов ісіне» қатысты пікірі есепке алынып, қуғынға ұшырайды. 1954 жылы ғана рұқсат болып Алматыға оралады. Осы жылы Алматыдағы Көпшілік кітапханаға директор болып тағайындалады.
1959-1961 жылы Қазақстан баспа істерінің бас басқармасының 1-орынбасары, 1961-1962 жылдары кітап сауда бірлестігінің бастығы, 1962 жылдан бастап өмірінің соңына дейін педагогикалық жұмыспен Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында сабақ береді.
Ғылыми-шығармашылық қызметі. Әбіш Мұсылманқұлұлы Абай шығармашылығын ұзақ жылдар бойы үзбей зерттеп, абайтану ғылымына елеулі үлес қосты. «Қазақтың данышпан ақыны Абай туралы жаңа материалдар» («Екпінді», 1939, 9 қазан), «Абай мен Михаэлис» (сонда, 1940, 15 қазан), «Абайдың орыс революционер-демократтарымен байланысы» («ҚазССР ҒА-ның Хабаршысы», 1945, № 6), М.О. Әуезовпен бірігіп жазған «Қазақ әдебиетінің классигі» («Социалистік Қазақстан», 1949, 24 шілде) деген еңбектерінде арқылы абайтану әлеміне терең зерттеулер жүргізді.
Әбіш Мұсылманқұлұлы 1945 жылы «Абай Құнанбаевтың творчествосы» тақырыбында ҚазМУ-дың ғылыми Кеңесі мәжілісінде кандидаттық диссертациясын қорғайды. Айта кетерлігі, бұл Абай шығармашылығы бойынша қорғалған тұңғыш диссертациялық жұмыс еді.
1949 жылы «Абай және оның орыс достары» деген еңбегі жарық көреді. Бұл еңбегіне Е. Бекмаханов редактор болған.
Төңкеріске дейінгі қазақ кітаптарының басылу тарихы жөнінен сол кітаптарды шығару жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, ыждағатпен жемісті еңбек еткен қөңіл көзі ашық ақындар, оқымыстылар, жинаушылар туралы бағалы мәліметтер берген ғалым-әдебиетші, тарихшы Әбіш Жиреншин еді. 1971 жылы Ә. Жиреншиннің «Қазақ кітаптары тарихынан» деп аталатын зерттеу еңбегі жарық көрді.
Әбусағит Мұсылманқұлұлы қазақ кітаптарының ең алғаш топ-тобымен жарық көрген Қазан баспаханаларын ерекше атайды. Ғалымның көрсетуінше: «ХІХ ғасырда Қазан қаласы Ресейде тұратын Орта Азия, Таяу Шығыс халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларын зерттейтін Петербордан кейінгі ірі орталыққа айналған. Әсіресе, түрік, араб, парсы, тибет, моңғол тілдеріндегі көне мұралар мен әдебиет нұсқаларын зерттеуде әлемге әйгілі осы қаланың баспаханалары маңызды орынды иеленді» деп атап өткен.
Ғалымның қазақ кітаптарының тарихын ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеуі үлкен ғылыми ізденісі мен табандылығының көрінісі деп айтуға толық негіз бар.
Түйін. Бүгінгі таңда Қазақстанның тарих ғылымы туралы сөз болғанда, ХХ ғасырдың бел ортасындағы қазақ интеллигенциясының жарқын бейнелері көз алдыңа келеді. Олар: Ә.Х. Марғұлан, М.О. Әуезов, Е. Бекмаханов, Ә.М. Жиреншин және т.б. еді. Тарих ғылымы мен қазақ мәдениетіне айтарлықтай үлес қосып, ғылымға адалдық танытып өткен әдебиетші, тарихшы-ғалым Ә.М. Жиреншиннің өмір жолындағы ғылыми-ағартушылық белестері осындай.
 
alash.azamaty@mail.ru 03.07.2013, 15:25 __comments_count__
Пікірлер
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ

comments powered by Disqus

Post info
03.07.2013 (1992 Күн бұрын)
Дауыс беру
0 дауыс
Іс-әрекеттер
Бөлісу
 
Categories
Тегтер
Бос