ҚазақшаҚазақша
Post view

Қазақтың өлім-жітімге қатысты салты

Қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүр-салты, жол-жоралғылары бары белгілі. Оларды әр түрлі жағдайға байланысты бөліп қарастыруға болады. Соның ішінде өлім-жітімге байланысты салтымыздың өзі бір төбе. Олар: Тіл кестіру, арыздасу, өсиет, көрісу, өлімді естірту (қазаны естірту), көңіл айту, шашын жаю, ақтай жоқтау, аманат қою, топырақ салу, қара ту тігу, тұл ат, тұл киім, тұл жартыс, қарасын алу / қарасын тастау, қара жықты, жоқтау айту, жұбату сөз, сауын айту, ас беру, ошақ майлау.

 

Тіл кестіру. Халқымыз ауырған адамның көңілін сұрау үшін ымырт түспей баратын болған. Себебі, қараңғы түскеннен соң көңіл сұрауға болмайды. Одан бөлек, ауру меңдеткен соң «Адамның аяғы ауыр болады» деп көңіл сұраушыларды сырқаттың үйіне көп кіргізе бермейді. Кейде бақсы-балгер мен молдалар аурудың үстіне кісі кіргізбей құпия емдейді. Бұл кезде  көңіл сұраушылар кіргізілмейді. Қонақтарды қонуға қалдырмайды. Бұны – «Тіл кестіру» деп айтқан екен.

 

Арыздасу. Өсиет. Сырқаты ауыр болып, өмір мен өлімнің арасында жатқан жан қасына жақын адамдарын, туған-туыс, бауыр-жегжаттарын жинап, өсиетін айтады. Артық-кем кеткен қателіктері үшін кешірім сұрайды. Өзін қайда, қалай жерлейтінін, қабірді қалай жасайтынын, қысқасы не істеу қажеттігін тапсырады...


Көрісу. Науқас қайтыс болған соң алдымен бөлек үйге шығарып мейрам суын

береді. Астына сабан төселген төсектің астына жайпақ та кең ыдыс қойып, мәйітті үш адам жуады, тазалайды... Азалы үйдің балалары, ең ет жақындары есік алдына жиылып аза тұтады. Тұс-тұстан ағайындар келіп, көңіл айтады. Аза тұтып тұрғандармен тұтас көріседі. Көрісіп, отырған әйелдерге көңіл айтады.

  Қазақ өлкесіндегі қиыншылықты ең көп көтеретіндер – әйелдер. Олар өлген адамның барлық қасиетін өлеңмен өреді. Осындай азалы өлеңдер айтылғанда сай-сүйегін сырқырап, жүрегіңді егіледі...

 

Өлімді естірту (Қазаны естірту). Қазақ халқының ескі заманнан келе жатқан ғұрыптарының бірі – өлімді естірту. Бұрын ел ішінде кісі қайтыс болса, оны жақындарына, басқа жердегі туыстарына дұрыстап естірту үлкен адамгершілік міндет саналған. Ондай жағдайда бала-шағаға, жастарға  ескертіп, жаманат хабарды туыстары, аяқ астынан естіп қалмауын қадағалап, арнайы естірту сәтін ұйымдастырған. Ол үшін өлген адамның туыстарын жедел ретін тауып қонаққа шақырып сыйлап, әңгіме-дүкен құрып, қисынын келтіріп, қазаны соңынан естірткен. Естіртуші кісі жөн-жобаны білетін, сөзге ұста болуы аса маңызды.

 

Көңіл айту. Дүниеден өткен адамның туыс-туғандарына келіп, қайғыларына ортақтасып көңіл білдіру. Мұндай жағдайда келіп көңіл айтпау, қайғыға ортақтаспау ұят саналады. Қайғыға ортақтасу, көңіл білдіру – адамгершіліктің, сыйластықтың белгісі. «Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол» деп Абай да тегін айтпаса керек.

 

Шашын жайып жылау. Бұл басына түскен қайғының аса ауыр екенін білдіреді. Әйелдердің жақын туысы, я болмаса өмірлік жолдасы қайтыс болғанда болатын жағдай. Әйел адамдар қайғысын дауыстап, жоқтау айтып, жылап білдірген. Мұны естіген ауыл ақсақалдары ақылын айтып, тоқтау салған. Сол себепті де, қазақтар қыздарына «жақсылық әкелмейтін ырым» деп шашын жайып жүруге тиым салған.

 

Ақтай жоқтау. Айттырылған қыздың ұзатылу тойы болмай жатып күйеу жігіттің дүниеден өтуі. Орындалмай қалған мақсаты, баратын жеріне жетпеуне байланысты ата-енесіне көңілін білдіру «Ақтай жоқтау» деп айтылған. Жоқтаудың бұл түрі қазір жоқ.

 

Аманат қою. Жол жағдайына байланысты. Қыста жеріне жеткізе алмаса уақытша жерлеу «аманат қою» деп аталған. Мысалы: Қожа ахмет Яссауи марқұмды уақытша жол бойына аманат қояды. Қысты күні жеріне жеткізе алмады. Абай Құнанбайұлының сүйікті де сүйкімді баласы Абдрахманды аманат қойып, артынан өз жеріне жерлеген.

 

Топырақ салу. Қазақ ұғымында «топырақ салмау», одан тыс қалу үлкен айып, әрі кінә. Үлкен кісі қаза болғанда әр атаның баласынан бір-бір кісі топырақ салып, сол арқылы қазаға ортақ екенін, өлген кісіге ниеті ақ, пиғылы таза екенін білдірген.

 

Қара тігу; Қаралы ту тігу – өлген кісіге тігілген үйдің оң жақ белдеуіне найзаға кісінің жасына қарай ақ, көк, қара ту байланады екен.

 

Тұл ат, тұл киім – өлген кісінің мінген аты, киген киімі жетім, иесіз қалды деген ұғыммен жасалатын салт.

 

Тұл жыртыс – жылы толып, асы берілген соң кәде жолымен үлестірілетін қымбат киім-кешек.


Қарасын алу; Қарасын тастау – ері өліп, қара жамылған әйелдің тартқан қаралы орамалын жыл болып, асы өткен соң алуы.

 

Қара жықты – жылы толып, асы берілген соң, қаралы туды құлататын салтқа байланысты жоралғы.

 

Жоқтау айту – қайтыс болған кісінің әйелі мен қызының жоқтау жыр айтуы.

Жұбату сөз – тоқтау сөз – кісісі өліп, дауыс айтып отырған қаралы жандарға басу айту. Мұндайда «қазаға шүкірлік ет», «ажал ортақ», «өлімнен ешкім құтылмайды», «құдайдың мұнысына шүкір,  көз алдыңда кетті, өзің жөнелтіп отырсың», т.б. деген сөздер айтылады.

 

Сауын айту – өлген кісіге жылы болып, берілетін астың кезін, болатын жерін, ат жарыс, балуан курес,  т.б. салт түрлері болатынын айтып, кісі жіберу.

 

Ас беру – өлген кісінің артын күту салтының соңғы, ең үлкен жолын жасап, мол жиын, қалың қауымға тамақ беру жиыны. Аста да тойлардағы секілді жарыстар, ойындар,  бәсекелер өтеді: Ат шабыс, ат бәйге, балуан күрес, ат сайыс, аударыспақ, көмбе алу, теңге алу, көкпар тарту, тана көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, жорға жарыс, атан жарыс, жамбы ату, т.б.

 

Ошақ майлау. Бұл  дүниеден өткен қадірлі, халқына еңбегі сіңген адамға берілетін ас. Ертеден келе жатқан дәстүр. Бұған үлкен дайындық жасалады. Оны ұйымдастырушы адамдар алдын ала «сауын» айтады. Алдын ала дайындықтың қалай жүріп жатқанын ұйымдастырушылар тексеріп отырады. Мал сойылып, кішігірім той жасалады.

 

Ai_gul 30.06.2014, 15:26 __comments_count__
Пікірлер
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ

comments powered by Disqus

Post info
30.06.2014 (1630 Күн бұрын)
Дауыс беру
2 дауыс
Іс-әрекеттер
Бөлісу
 
Categories
Жеке блог (7 posts)
Тегтер
Бос