ҚазақшаҚазақша
Post view

Дəулеткерей Шығайұлының күйлері

Қазақтың əйгілі күйші-сазгері Дәулеткерей Шығайұлы домбыра күйлеріндегі лирикалық бағыттың негізін салушы. Төменде күйшінің күйлері және олардың шығу тарихы жайлы мәліметтер оқи аласыздар:

“Бұлбұл” – Дəулеткерейдің үздік күйлерінің бірі. Дəулеткерей шыншыл суреткер ретінде құстың дауысын домбыраға құр қайталап түсірмей, сайраған бұлбұл тақырыбын поэтикалық түрде халық өмірімен тығыз байланыстыра жырлаған. Бұл күйдегі қиялды қозғайтын “азаттық жыры” секілді астарлы ой адамды қанаттандырады. Белгілі музыка зерттеушісі А. Затаевич “Бұлбұл” күйі жөнінде: “Болашақ қазақтан шығатын Римский – Корсаковтарды күтіп тұрған Шехерезаданың тақырыбы осы күйде жатыр” деп жазып кеткен.

“Ващенко” – Дəулеткерейдің бұл күйі уақытша кеңестің төрағасы Г. В. Ващенкоға арналған. Ол Шығаевтар жанұясына көптеген жақсылықтар жасаумен қатар, Дəулеткерейдің сол кездегі көзі ашық прогрессшіл адамдармен игі ниетте қарым-қатынас жасауына септігін тигізген.

“Желдірме” – Дəулеткерейдің желдірме күйі аттың желісін суреттейді. Күйдің орындалу шеберлігі Дəуеткерейдің басқа күйлерінен ерекше, шəкірттерінің айтуына қарағанда, күйші күн батып, кешкі салқын түсісімен қос дөңгелекті арбаға атын жегіп серуенге шыққанды жақсы көреді екен.

“Жұмабике” – Дəулеткерей бұл күйді масқар руынан Жұмабике деген қызға арнаған екен, қыздың асқан əншілігі, ақындық өнері де бар екен. Малға сатылып, сүймеген адамға

кетіп бара жатқанын Уақытша Кеңес төрағасының алдына кіріп өлеңге қосып, мұңын шаққан еді, дейді. Сонда қыздың дауысының да, əні мен сөзінің кереметтігі сонша, отырғандар қыз өнеріне риза болып, Уақытша Кеңес Жұмабикенің тілегі бойынша өзі қаламаған күйеуінің құрығынан құтқарады. Дəулеткерей күйін “Жұмабике” деген атпен халыққа таныстырады.

“Көркем-ханым”, “Қаражан-ханым” – Дəулеткерейдің жұбайлары Саржан мен Зифаға арналған деседі. Күйші туындыларын бұлайша атауы жұбайларының қараторылығын, көркемдігін суреттеуінен болуы керек. Күйлер лирика түріндегі арнау.

“Көрғұлы” – Дəулеткерейдің бұл күйі түрікпен тақырыбындағы парафраз. Аулы аралас, қойы қоралас болып көрші отырған халықтардың бір-біріне тигізетін өзара əсері ақиқат. Батыс Қазақстан күйлерінің дутарға арналған түркмен күйлеріне мүлде ұқсамайтын өз ерекшеліктері бар. Дəулеткерейдің түркмен тақырыбына арналған “Қөрғұлы”, “Түркмен” күйлері П. Чайковскийдің итальян тақырыбына жазылған “Франческа жəне Риминиі” мен М. Глинканың испан тақырыбындағы “Арагон əуені” тəріздес деуге болады.

“Қоңыр” – бұл көңіл күйі. Арындап алысқа кетпей, адамның ішіндегі бір сырдың, ойдың сыртқа шыққан бейнесі сияқты. Музыкасында жарқын лирика бар. Дəулеткерей əсем лириканың шебері. “Қоңыр” – қазақ тілінде жуастықтың, тыныштықтың, біркелкіліктің түйіні. Қазақта “Жайма қоңыр”, “Майда қоңыр”, “Жай қоңыр”, “Əсем қоңыр”, “Кəрі қоңыр” деген əн-күй аттары кездесе береді. Осылардың бəрінің музыкасында сол “қоңырлық” құлаққа бірден естіліп тұрады.

“Қосалқа” – Дəулеткерей күйі. Бұл күй су əкеле жатқан қос алқалы қыздың əсем жүрісі мен сырғасының сыңғырын суреттейді. Ескі салт бойынша ата-ана қызын үйден шығармайтын болған, қыздар құрбыларымен жолығу үшін құдық басына келеді екен. Ат суара келген жігітке де қызбен бір ауыз сөйлесуіне жағдай туатын. Дəулеткерейдің “Қосалқа” күйінде қыздың нəзіктілігін, биязы мінезін, əдептілігін музыка тілімен шебер бейнелей білген.

“Құдаша” – қарға тамырлы қазақта құда-құдағи, нағашылы-жиен, ағалы-інілі, апалы-сіңлілі, жезделі-балдыз болып тармақталып жатқан туыстықты ескерсек, Дəулеткерей құдашасыз болмауы мүмкін емес. Міне, солардың біріне арнап шығарған болса керек. Бұл көңілді би ырғақты күй.

“Қыз-ақжелең” – Дəулеткерей күйі. Бөкей өңірінде Ақбала қыз деген домбырашы болыпты. Дəулеткерей сол қыздың ескіліктің шырмауында қалып қоймай, домбыра ойнау шеберлігімен көзге түскендігіне риза болса керек. Дəулеткерей Ақбала қызға бірқатар күй тыңдатып, көңілін көтереді. “Қыз-Ақжелең” үш нұсқада тартылады. Оркестрде жеке домбырада бір нұсқасы ғана орындалып жүр. Бұл күйде барлық “Ақжелеңге” тəн ықшамдық, көңілділік басым. “Қыз-Ақжелең” күйі шабытты, шаттыққа толы би ырғағына негізделген лирикалық шығарма.

“Мұңды қыз” – Дəулеткерейдің бұл күйі сол заманның көкейкесті мəселесінің бірі – қыз теңдігіне арналған.

“Салық өлген” – Дəулеткерей өзінің жиені, Қарауылқожадан туған Салық Бажановтың мезгілсіз өліміне орай шығарылған. Мұнда асқан жылылық, шын жүректен шыққан жақындық, жанашырлық үн айқын сезіледі. Əкесіне (Қарақожа) деген ашу-ыза қандай зор болса, баласына деген құрмет пен сый-сияпат сондай күшті болғандықтан, күйші сол кездің прогрессивті адамы Салық Бабажановқа күй арнады. Ол Орынбордың кадет корпусын бітіріп, елге келіп Уақытша Кеңесте істеп жүрген кезінде, шаруалардың қамқоры болып əкімдермен біраз таласты. Ал Петерборға барғанда тоқыма өндірісі, электр тағы басқа жаңалықтармен танысып, солардың қазақ даласына алып келуді арман етті. Бірақ жас талапкердің өмірі ұзақ болмады. Дəулеткерей мезгілсіз қайтыс болған жақынына арнап азалы, қайғылы күй шығарады.

“Тартыс күй” – Дəулеткерейдің күйі. Бірнеше күнге созылатын қыз ұзату тойында тартыс деген салттық ойын ойналады. Көпшілік екіге жарылып, қыз үшін таласқа түседі. Ортада арқаннан ұстап қыз тұрады. Арқанның екі шетінен ұстаған адамдар, бірі болыс үйге қарай тартса, бірі қызды жібергісі келмей өз үйіне қарай тартады. Бұл əзіл-шыны аралас қанша уақытқа созылуы ықтимал. Дəулеткерей домбыраның шағын мүмкіндігін шебер пайдалана отырып, тартыс ойыны кезіндегі жастардың көңіл-күйін қаз-қалпында бере білген.

“Топан” – Дəулеткерейдің Топан атты қыран бүркіті болыпты. Бір күні сол құс ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Дəулеткерей бүркітін күте-күте келмеген соң, аяғы жеткен жердің бəріне де сұрау салады. Күндердің күнінде домбырасына өзінің қапы көңілін қосып жатса, шаңырақтың ар жағында, шыңырау көкте қалықтап ұшып жүрген Топанды көреді. Қуанғаннан сол жерде “Топан” деп құсына арнап күй тартады. Бұл күй басынан аяғына дейін лирикаға толы, жүрек тереңінен шымырлап, қайнап жатқан шын сезімге құрылған жанға жағымды, көкейге қонымды шығарма.

“Шолтан” – Дəулеткерей адамзат өмірінің баянсыздығын сөз етіп “Шолтан” атты күй шығарады. 1868–69 жылдардан бастап ел билеуге старшындар мен болыстар тағайындала бастайды. Бұрын төре тұқымы, деп төбеге көтергендердің енді күні кетіп, тарихтың түкпіріне қарай ығысып бара жатқанын, болыс пен старшындыққа төре тұқымының үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, төсінің түгі, тізесінің күші бар адамдардың тағайындалып жатқанын Дəулеткерейдің алғыр ойы мен ақыл парасаты аңғармай қалған жоқ. Дəулеткерей тарихтың аяқ алысын сезініп, өткен дəуренге, кеткен заманға арнап, жоқтау күйін шығарады.

“Ысқырма” – Дəулеткерей кешке қыдырысқа шығып тұрады екен. Сондай бір серуендеуінде басына бір күйдің тақырыбы келіп қалады да, тақырыпты жоғалтпайын деп ысқырады. Үйіне жеткенше ысқырумен есіне сақтап келіп, бірден домбыраға түсіреді. Ысқыру арқылы басына сақтап келген тақырыптан туғасын ба, Дəулеткерейдің бұл күйі “Ысқырма” атанып кетеді. Қазақта ысқыру əдепке жатпайды. Балалар ысқырса үлкендер қойдырады. Бірақ Дəулеткерейдің бұл арада одан басқа лажы қалмайды. Күй – адамның бір қиялы, көп жерді шолып отырған ойы сияқты. Оның үстіне “Ысқырманың” кей жерлерінде шектен-шепке көшіп мандолина техникасымен тартатын жағдайлар кездеседі. Соған қарағанда Дəулеткерей əуесқойлық дəрежесінде болса да, орыс халық аспаптарында да ойнауы мүмкін.

gulesik90@mail.ru 28.11.2014, 17:14 __comments_count__
Пікірлер
Реттеу: 
Нәтижелер саны:  
 
  • Әлі ешкім пікір қалдырған жоқ

comments powered by Disqus

Post info
28.11.2014 (1479 Күн бұрын)
Дауыс беру
18 дауыс
Іс-әрекеттер
Бөлісу
 
Categories
Жеке блог (43 posts)
Тегтер
Бос